Қашықтықтан оқыту процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар

«Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат» кешені» КММ-де қашықтықтан оқыту процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар (өнер колледжі үшін)

I. Колледждің оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың функциялары

1. Колледж директоры:

1) коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде қолжетімді байланыс түрлері, білім беру ұйымының интернет-ресурстары арқылы білім алушыларды, педагогтарды, басқа қызметкерлерді, білім алушылардың ата-аналарын және өзге де заңды өкілдерін оқу процесін ұйымдастырудың барлық мәселелері бойынша хабардар етуді қамтамасыз етеді;

2) білім алушылардың, педагогтердің және басқа да қызметкерлердің санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, білім беру процесін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды, қабылданған шаралар туралы жоғары тұрған басқару органына және білім беру процесіне қатысушыларға дереу хабарлайды;

3) білім беру процесінің барлық қатысушыларымен:

денсаулықты сақтау үшін әркімнің жауапкершілігі, сақтық шаралары туралы;

білім алушылармен жеке және (немесе) топтық жұмысты, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, ұйымдастыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

4) жоғары тұрған білім беру басқару органымен, басқа да мемлекеттік органдармен оқу процесін ұйымдастыру мәселелері және басқа да мәселелер бойынша байланысты жүзеге асырады;

5) білім беру ұйымының жұмыс жоспарын, сабақ кестесін бекітеді;

6) оқу процесін ұйымдастыру үшін жағдай, оның ішінде техникалық жағдай жасайды;

7) оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруды бақылауды жүзеге асырады;

8) педагогтермен, білім алушылармен және олардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) кері байланысты жүзеге асырады;

9) ұйымның педагогтары мен басқа да қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырады;

10) қашықтықтан білім беру технологияларын іске асыру бойынша педагогтарды оқытуды ұйымдастырады;

11) білім алушылардың интернет платформаларға, сандық білім беру ресурстары ресурстарына қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

12) оқу процесіне қатысушылардың қызметін бақылайды;

13) жұмыс сапасын арттыруға бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдайды;

14) ҚБТ-ны пайдалана отырып, оқу процесін ұйымдастыруға жауапты тұлғаны (басшының орынбасарын) айқындайды.

2. Басшының орынбасарлары, ПЦК меңгерушілері, әдіскерлер:

1) ҚБТ-ны пайдалана отырып, оқу процесін ұйымдастыруды және үйлестіруді жоспарлайды және жүзеге асырады;

2) ҚБТ-ны пайдалана отырып оқыту үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану нұсқаулықтарын әзірлейді;

3) ТжКБМЖМБС сәйкес ҚБТ ерекшеліктерін ескеретін оқу жұмыс жоспарларын жасайды;

4) ҚБТ-ны пайдалана отырып, оқу процесі мәселелері бойынша кеңес береді, ЦБР-ны құруда әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді;

5) оқу-әдістемелік ресурстарды жүйелі жаңартуды және жүйелеуді қамтамасыз етеді;

6) білім алушылардың оқу бағдарламаларын меңгеруіне бағытталған іс-шараларды әзірлеуді ұйымдастырады;

7) оқу материалдарын, оның ішінде электрондық оқу-әдістемелік кешендерді, электрондық білім беру ресурстарын қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

8) ТжКБ ұйымының интернет-платфорамында орналастырылатын сабақ кестесін, оқу процесінің кестесін жасайды (қажет болған жағдайда топтар бойынша саралауды және сабақтарды өткізу уақытының ұзақтығын ескере отырып, оқу жоспарына сәйкес сабақ кестесін қалыптастырады);

9) педагогтармен бірлесіп білім алушылардың оқу қызметін ұйымдастыруды (оқытудың әдістері мен тәсілдерін, білім алушылардың тапсырмаларды алу және олардың орындалған жұмыстарды ұсыну мерзімдерін) анықтайды;

10) оқу-тәрбие процесінің барлық қатысушыларын (педагогтерді, білім алушыларды, білім алушылардың ата-аналарын (заңды өкілдерін), өзге де қызметкерлерді) жұмысты ұйымдастыру және оқыту нәтижелері туралы хабардар етуді жүзеге асырады;

11) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, оқу процесін ұйымдастыру барысында әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырады;

12) бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес педагогтердің қызметін ұйымдастырады;

13) оқу-тәрбие процесінің, үлгерімді ағымдағы бақылаудың, аралық және қорытынды аттестаттаудың өту барысын бақылайды;

14) оқу-тәрбие процесіне қатысушылармен кері байланысты жүзеге асырады;

15) педагогтердің оқу жүктемесін орындауы бойынша жұмысты үйлестіреді;

16) ҚБТ-ны пайдалана отырып, оқытуды ұйымдастыру туралы есептік ақпарат дайындайды.

3. Педагогтер:

1) цифрлық білім беру ресурстарын, қажетті оқу-әдістемелік материалдары (оның ішінде бейнематериалдары) бар оқу-әдістемелік кешендерді электрондық түрде әзірлейді және сабақтар өткізеді;

2) білімді бақылау құралдарын әзірлейді;

3) білім алушыларға әрбір тақырып бойынша жұмыс уақытын, жұмыстарды орындау мерзімін көрсете отырып, тиісті бөлімдерді меңгерудің тақырыптық кестесін әзірлейді және таратады;

4) білім алушылармен, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін синхронды және асинхронды консультациялар өткізеді;

5) оңтайлы және әртүрлі жұмыс түрлерін, қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданады;

6) сабақ бойынша жоспарлауды түзетуді және оқу материалдарын құрылымдауды уақтылы жүзеге асырады

7) қолданылатын жұмыс түрлері туралы, онлайн сабақтарды өткізу нысаны мен мерзімдері, офлайн сабақтарға қатысу, үй жұмыстарын тапсыру мерзімдері туралы ақпаратты білім алушылардың, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) назарына уақтылы жеткізеді);

8) оқу-әдістемелік ресурстарды (оның ішінде бейнематериалдарды) тұрақты жаңартуды қамтамасыз етеді);

9) білім алушылардың оқу жұмыстарын орындауын әрбір пән немесе модуль үшін көзделген бағалау критерийлеріне сәйкес бағалайды;

10) ҚБТ-ны оқу процесінде пайдалану саласында оқудан және (немесе) біліктілігін арттырудан өтеді;

11) үлгерім мен сабаққа қатысуды бақылайды;

12) білім алушылармен жедел байланыс жасайды;

13) бекітілген оқу кестесіне сәйкес сабақтар өткізеді, өзіндік жұмысты бақылауды жүзеге асырады;

14) оқу жүктемесін орындайды;

15) қашықтықтан оқытуға байланысты құжаттаманы жүргізеді.

4. Кураторлар:

1) ата-аналарды (заңды өкілдерді) жұмыс режимі туралы, кестедегі өзгерістер туралы, оқу процесін ұйымдастыру туралы, білім алушылардың оқу қызметінің, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, телекоммуникациялық құралдарды қолдану және білім алушылардың өзіндік жұмысы жағдайындағы барысы мен қорытындылары туралы хабардар етеді;

2) білім алушылармен және олардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) байланысты жүзеге асырады;

3) үлгерім мен қатысуды бақылайды.

5. Білім алушы:

1) құралдардың көмегімен оқу курстарын өз бетінше зерделейді;

2) онлайн және (немесе) офлайн режимінде қашықтықтан оқыту сабақтарына қатысады;

3) оқу процесінің графигі мен кестесіне сәйкес бақылаудың барлық түрлерін тапсырады;

4) педагогтармен байланыста болады;

5) қолжетімді байланыс құралдары арқылы сабақ кестесімен, тақырыптарымен, мазмұнымен уақтылы танысады;

6) тапсырмаларды, оның ішінде ТжКБ ұйымы белгілеген қолжетімді байланыс құралдары арқылы, өз бетінше орындайды;

7) педагогке орындалған тапсырмаларды қолжетімді байланыс құралдары арқылы уақтылы ұсынады;

8) қол жетімді сандықты білім беру ресурстарды пайдаланады.

6. Білім алушылардың ата-аналары (заңды өкілдері):

1) жұмыс кестесімен, сабақ кестесімен, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру процесімен танысады;

2) білім алушылардың тапсырмаларды орындауын бақылауды жүзеге асырады;

3) педагогтермен, топ жетекшілерімен байланыс жасайды;

4) оқу үшін жағдай жасайды;

5) санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды, білім алушылардың денсаулығы үшін қажетті жағдайлар жасайды және оларды инфекциялық ауруларды жұқтырудан сақтайды.,

II. Қашықтықтан оқыту режимінде оқу процесін ұйымдастыру

Қашықтықтан оқыту режимінде - білім беру бағдарламаларын іске асырудың толықтығын барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін оқу процесін ұйымдастыру қажет. Колледждегі оқу уақытының негізгі бірлігі-сабақ. Студенттер үшін қосарланған онлайн-сабақтардың үздіксіз ұзақтығы 35 минуттан аспайды.

Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру кезінде мүмкін болатын сабақ түрлері:

1. Жеке сабақ - нақты уақытта оқушылармен сабақ. Қашықтықтан оқыту режиміндегі жеке сабақ - бұл оқытушы мен білім алушының бейне байланысы. Сабақтың жеке форматы жекелеген білім алушылар үшін жеке консультациялар (әңгімелесу), бақылау мен бағалауды жүзеге асыру қажет болған басқа жағдайларда да пайдаланылуы мүмкін.

2. Бейнесабақ - жазбадағы сабақ, яғни оқытушы жасаған бейнежазба форматындағы сабақ нұсқасы. Бейнесабақ мыналарды қамтиды: жаңа материалды енгізу, аудио және бейне иллюстрациялар, содан кейін білім алушыларға жіберілетін белгілі бір тапсырмаларды орындау бойынша түсіндірмелер мен ұсынымдар.

3. Сабақ-конференция- оқытушы мен білім алушылар тобының бейне байланыс мүмкіндігі бар нақты уақыттағы сабақ. Сабақ-конференция аудиториялық сабақты барынша толық жаңғыртуға мүмкіндік береді. Конференция форматы оқытушының нақты уақытта білім алушылардың бүкіл тобымен өзара іс-қимылын көздейді.

4. Кеңес беру (әңгімелесу). Білім алушылар үшін белгіленген уақыт аралығында және белгіленген кесте бойынша әртүрлі қолжетімді форматтарда өткізіледі.

5. Білім алушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру және сүйемелдеу - оқытушы білім алушыға белгіленген байланыс арналары бойынша жіберген оқу материалдары негізінде оқытушы мен студент арасында ақпарат алмасумен байланысты оқу процесі. Ол ұйымдасқан өзара әрекеттесудің жеке нысаны ретінде қолданылады - бұл ақпарат алмасуға негізделген оқытушы мен оқушының бірлескен қызметі; ол білім беру қатынастарына қатысушылардың минималды техникалық мүмкіндіктері болған кезде қолданылады: электрондық пошта, sms, WhatsApp, ZOOM.

Бақылау және бағалау. Міндетті түрде ағымдағы (аралық) бақылау нысаны ретінде қолданылады.

III. Жұмыс уақытын ұйымдастыру. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру кезеңіндегі оқытушылар мен концертмейстерлердің еңбек әрекеттері

Оқытушының (концертмейстердің) жұмыс уақыты: оқу сабақтарын өткізуді (жұмыс уақытының нормаланатын бөлігін), басқа да педагогикалық жұмысты (жұмыс уақытының нормаланбаған бөлігін) қамтиды.

Қашықтықтан оқыту режимін жүргізу кезеңінде оқытушыға белгіленген оқу жүктемесі мынадай түрде бөлінуі мүмкін: өткізілетін жеке сабақтар, бейнесабақтар, сабақтар-конференциялар, білім алушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру және сүйемелдеу, білім алушылармен консультациялар (әңгімелесу), бақылау және бағалау.

Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру кезінде "басқа педагогикалық жұмысқа" мыналар енгізіледі:

  • күнтізбелік, күнтізбелік-тақырыптық жоспарларды түзету бойынша жұмыстар жүргізу,
  • оқу пәнінің жұмыс бағдарламасына өзгерістер енгізу бойынша; сабақтар әзірлеу (сабақ жоспары, егжей-тегжейлі сабақ жоспарын құру, оқушылар үшін жеке жоспарларды әзірлеу); білім алушылардың өзіндік жұмысы үшін оқу материалдарын әзірлеу және ресімдеу, оның ішінде бейнесабақтар, фонограммалар жасау, электрондық ресурстарды талдау және іріктеу;
  • білім алушыларды және білім алушылардың ата-аналарын (заңды өкілдерін) оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы жедел хабардар ету;
  • қажетті оқу материалдарын тарату;
  • білім алушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру;
  • білім алушылардың өзіндік жұмысын бақылау және бағалау, білім алушылардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) консультациялар өткізу, білім алушылардың сабақтары мен бос уақытын пайдалы өткізуді әдістемелік сүйемелдеу.

Концертмейстердің жұмыс уақыты: орындаушылық репертуардың фонограммаларын жазуды және білім алушыларды осы музыкалық материалмен қамтамасыз етуді, студенттерге дайындалған музыкалық материалды тыңдауды (оның ішінде оқытушымен бірлесіп), партияларды қабылдау мен бағалауды қамтиды.

IV. Оқытушылар мен концертмейстерлердің оқу жүктемесін есепке алу, білім алушылардың үлгерімі мен сабаққа қатысуын есепке алу

1. Оқытушылардың оқу жүктемесінің сағаттарын есепке алу «SOVA» платформасында белгіленген нысан бойынша (2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрыққа сәйкес) есепті автоматты түрде қалыптастыру жолымен жүзеге асырылады.

2. Білім алушылардың сабаққа қатысуы мен үлгерімін есепке алу оқытушының «SOVA» платформасындағы толтырылған электрондық журналы негізінде жүзеге асырылады.

Егер білім алушы педагогтің талаптарын жүйелі түрде орындамаса, үй тапсырмасын орындамаса, өзіндік жұмыс нәтижелерін жібермесе, педагог пәндік-циклдік комиссияның төрағасын хабардар етуге міндетті. Теріс нәтиже болған жағдайда директордың ОЖ жөніндегі орынбасары хабардар етіледі.

3 күндік сабақта болмаған жағдайда педагог кураторды хабардар етуге міндетті. Куратор бұл мәселені білім алушының ата-анасымен (заңды өкілдерімен) пысықтауы тиіс. Теріс нәтиже болған жағдайда директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары бастаған әлеуметтік-психологиялық қызмет қызметкерлерін хабардар етеді.

V. Оқу материалдарын дайындау. Қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ететін оқу материалдарының ерекшеліктері

Қашықтықтан оқыту режимінде әзірленген оқу материалдарының тиімділігі қашықтықтан оқыту режимінде білім беру бағдарламасын сәтті жүзеге асырудың шешуші факторына айналады. Оқу материалдарын әзірлеу деп: жеке әзірлемелерді пайдалану және түзету, оқу құралдарын цифрландыру, тестілерді, викториналарды, тұсаукесерлерді, бақылау жұмыстарын әзірлеу, "SOVA"платформасында орналастырылған материалдарды іріктеу және өңдеу түсініледі.

Оқу материалдары:

  • сабақ беруді ескере отырып әзірленеді; интерактивті технологияларды қолдануды ескере отырып әзірленеді; білім алушылардың өзіндік қызметін ынталандыратын қасиеттерге ие болады;
  • тапсырмалардың орындалуын жедел бақылау мен бағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
  • көрнекі материалдарды, иллюстрацияларды, сызбаларды, кестелерді қамтиды; қолжетімді бағдарламалар мен платформаларды, оқу материалын оқытушыдан беру тәсілдерін және білім алушыдан өзіндік жұмыс нәтижелерін ескере отырып әзірленеді.

Оқу-әдістемелік кешендегі оқу материалының басым нысаны дәріс нысаны болып табылады, оның құрылымында теориялық мәліметтер мен практикалық тапсырмалардың, теориялық білімді игеруге бағытталған сұрақтардың болуы көзделеді. Бұл кешеннің болуы қашықтықтан оқытудың белгіленген режимі жағдайында дәстүрлі оқу процесін модельдеуге, оны жаңа жағдайларға барынша бейімдеуге мүмкіндік береді.

Оқытушы өз бетінше құрған, өзінің әзірлемелері, оқу құралдарының әртүрлі элементтері, хрестоматиялар, мультимедиялық бағдарламалар, аудио және бейне материалдар негізінде құрастырылған оқу-әдістемелік кешен дәстүрлі оқулықты сәтті толықтырады. Әзірленген ОӘК одан әрі табысты қолданылады және колледждің электрондық кітапханасын толықтырады, жас оқытушылар үшін өзекті және пайдалы материалға айналады



Текст
Виртуальная приемная